Тусупбеков Рашит Толеутаевич
Түсіпбеков Рашит Төлеутаевич 1955 жылғы 28 қаңтарда Шымкент қаласында дүниеге келген. 1962 жылы Қарағандыға көшіп, 1973 жылы №3 орта мектепті бітірген. Мектепті бітірген соң Қарағанды облыстық атқару комитеті өртке қарсы қызметінде жүргізуші болып жұмыс істеген.
Әскерден оралғаннан кейін, 1976 жылғы тамызда Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне күндізгі бөлімге оқуға түсіп, 1981 жылы үздік бағаларымен тәмамдаған. Кейін үш айлық тағылымдамадан өткеннен кейін, 1981 жылғы қарашада Қарағанды қалалық Кеңес халық аудандық сотында халық төрешісі болып сайланған.
1984-1993 жылдары Қарағанды облысы, Нұра аудандық сотының төрағасы, 1993-1999 жылдары Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып қызмет атқарған. 1999 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тағайындалған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасының міндетін атқарған. 2000 жылғы қазан-желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы болған.
2000 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне тағайындалған. 2005 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен екінші конституциялық мерзімге Бас прокурор болып қайта тағайындалған. 2009 жылғы 2 сәуірден 2012 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Әділет министрі. 2012 жылғы 21 қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің төрағасы.
Р.Т. Түсіпбеков ғылыми мақалалардың, оқу құралдары мен монографиялардың авторы. 2003 жылғы 8 желтоқсанда «Барыс» ІІ дәрежелі орденімен, «Парасат» орденімен, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне – 10 жыл» (2006) медальдарымен марапатталған. 2001 жылғы 18 қазанда Нұра ауданының Құрметті азаматы атағы берілген.

