Көбетей мен Шақаман.
Халқымыздың басынан талай қиыншылық
кезең, қаншама тарихи қысылтаяң ғасыр белестері
өтсе де, әлі күнге ұрпақтан ұрпақтың санасына
терең бойлап елес беретін «Ақ табан шұбырынды,
Алқакөл сұлама» қасіретінен кейін ұрандасқан
қалмақ-қазақ қақтығыстардың бір толастаған
шағында, жағалауын түйелі кісі көрінбейтін қалың
көктал тоғайы көмкеріп, кісі бойы жасыл құрағы
желкілдеп, кең арасын толтыра толқындай аққан нұрлы Нұра өзенінің ық жағы Тінәлі
руының биі Көбетейдің елі, жел жағын қалмақ «ханының» елі қатар жайлаған екен.
Көбетей елінің жаз жайлауы «Жақсы Қарағанды», «Жаман Қарағанды», қыс қыстауы қазір
Көбетей ауылы, бұрын «Черниговка» аталып келген Көбетей қыстағы екен.
Қазақ-қалмақ болып бір өзенінің суын ішіп, қатар жайлап отырғанына бірнеше ай
өтсе де, халқының қадірлісі болған, болашақты алдын ала болжап, біліп отыратын, сол
қасиетімен ел ішінде көріпкел Көбетей атанған Көбетей қалмақ ханына барып сәлем
бермепті. «Жерімді басып алған, үстемдігі жүріп тұрған ел-ау» - деп қымсынбапты да.
Қалмақ ханы болса, өктемдігін өтіп тұрған, үстемдігім жүріп тұрған ел бола тұрып,
мен неге хан басыммен оған бас имекпін, - деп тәкаппарланып Көбетейге келіп, ол да
сәлем бермепті. Осымен айдан-ай өткенде, Көбетейдің бұл қылығына қатты намыстанған
қалмақ ханы аймағындағы жерді аралаймын деген желеумен ел аралай шығыпты.
Қазақтардың жерін басып алған соң, елін де бағындырып алуым керек деген сенім
көкірегіне терең ұялап қалған өркөкірек хан Көбетейдің үйіне ат басын тіреп тұрып:
- Көбетей, менің хандығымды елемеуіңнің маған сәлем бере келмеуіңнің жөні қалай?
Менім үстемдігімді әлі күнге дейін сезбедің бе, әлде бір бөтен мақсат көздедің бе? – депті.
Сонда Көбетей: - Хан, қалмақтан қазақтың жолы үлкен. Біздің қазақта «бақа
көлінде, жекен суында», - деген мақал бар. Мен өз жерім, мекен суымда отырған жоқпын
ба, әрі жасым үлкен. Жөн білер қонақ әуелі үйге түсер болар, өкпе-назын сонсын айтар
болар. Жөн сөзге жөнді тоқтайды. Келіп қалған екенсің, сапарың оң болсын, аттан түсіп
қонағым бол, - депті.
Жөн, жол-жобадан, ұтымды сөзден тосылған қалмақ ханы амалсыздан қонақ
болыпты. Арнайы бірнеше үйлер тігіліп, той-думанмен құрметтеп күтіпті.
Әңгіме-сұхбат кезінде шешен тілді, алғыр ойлы Көбетей ханның алды-артын орап,
оның үстемдік етуіне дес бермепті, әрі беріден соң оны өз сөзін өткізетіндей қылып,
икемдеп әкеткенін хан сезбей де қалыпты.
Сөз соңында Көбетей: - Күндердің күнінде жер-су үшін егес туа қалса, екі елді
соғыстырып қан төкпейік. Бес бәс тігілсін. Ол – палуан күрестіру, айғыр таластыру, бура
шайнастыру, бұқа және қошқар сүзістіру болсын. Қай елдің мәртебесі үшін бәсте үстем
түссе, сол ел жер тағанында қалсың да, жеңілген жақ басқа жақтан жер іздесін, - депті.
Осыған екі жақ келісіп, шарт жасасып, құжатқа мөрлерін басысыпты, пәтуаласыпты.
Осылайша бейбіт бірнеше жылдар өтіп, шұбырындыдан шалдыққан қазақ, үнемі
үдере жортуыл, шапқыннан шаршаған қалмақ жұрттары ес жиып, етектерін жауып, басқабас, малға-мал қосылып, мамыржай іргелес тұрған екен.

