БАРШЫН БЕЙІТІ
Баяғыда бір қарапайым адамның Баршын деген қызы болыпты. Ай десе аузы, күн десе көзі бар дегендей керемет сұлу, әрі ақылды қыз болған екен. Содан бір уақыттарда бойжеткен қызға жан-жақтан құдалық басталады. Бірақ әкесі «Бала әлі жас. Кезі келгенде өзі қалағанына беремін»,-деп ыңғай бермейді. Менменсіп келген талай сарбаздардың тауы шағылып қайтады. Өкінішке орай, әлгілердің арасынан сөзге түсінбес дүлейлері де кездеседі. Тек қара күшке сеніп, қайтсе де қызды қолға түсірмек болады. Сөйтіп, аңдуға кіріседі. Бір күні түнде дүзге шыққан Баршынды бір еңгезердей ер адам атқа өңгеріп ала жөнеледі. Бір сайға алып барып қол-аяғын шешкенде Баршын байғұс: «Ағатай-ай, мендей қарындасыңыз бар шығар. Аяй көріңіз. Арымды таптамаңыз»,-деп жалына шырылдайды. Оған көнген дүлей бар ма? Баршынды жерге алып ұрады. Сонда Баршын әлгі дүлейдің қынындағы қанжарды суырып алып, бір сәт те ойланбастан өз жүрегіне бойлата сұғып алады. Қаршадай қыздан мұны күтпеген дүлей зәре-құты қашып тұра жөнеледі. Не болғанын таңертең бірақ білген әке-шеше, ағайын-туған арын арашалап опат болған ару Баршынды ақ жауып, арулап қойған екен. Содан бері ол жер Баршын бейіті деп аталады.
БАРШЫНГҮЛ
Бірәлі байдың жеті баласының ішінде ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз Баршынгүл атты қызы бар екен. Бірәлі бай Бөрші Темештен шыққан болса, осы руға жақын көршілес ру Алтай-Қарпық еді. Алтайлардың кәсібі теңізден құс аулап, саятшылық құру еді. Сол саятшылықтың қыр-сырын меңгерген Айбол мерген деген өмір сүріпті. Ол көреген, ақылды, білімді, білгір адам деседі. Оның өзінің ізін жалғастырушы Жарбол атты ұлы бар еді. Жарбол түр десе түрі бар, келбетті жігіт болатын. Ол өз кезінде сері, домбыраның құлағында ойнайтын күйші, күміс көмей әнші болған. Баршыгүлге осы сал-сері жігітіміз Жарбол ғашық еді. Бір жылы жайлауға жиналған ел мал қамымен орналасады. Кеш түссе «Үшсарттың» жазығында жігіт-желең, қыз-келіншек айлы түнде алтыбақан құрып, ойын-сауық жасайтын. Сол кештердің бірінде Жарбол Баршынгүл аруға сезімін білдіреді: Баршынгүл, әңгімеге кен емеспін, Әзілкеш байдың ұлы мен емеспін. Айтар ем ғашықпын деп өзіңізге, Кедеймін, әттең, сізге тең емеспін,-дейді. Баршынгүл де бұл жігітке ғашық екен. Махаббаттарын осылайша білдірген қос аққу бұл түнде сырласады. Содан талай күндер өтеді. Елге білдірмей екі жас дәурен сүріп жүре береді. Жаз кетіп, күз түседі. Қыстың қамы басталып кетіп, Жарбол әкесімен құс аулауға теңіз жаққа аттанбақшы болады. Сол күні Жарбол Баршынгүлге тағы келіп, өзінің кетіп бара жатқанын айтады:-Осы жұмыс біткеннен кейін екеуміз жазық Қорғалжынның даласына қашып кетеміз,-дейді. Бірақ Баршынгүл:-Оған тым кеш болады. Әкем мені қырықта, әйелі өлген шалға бермекші. Сондықтан тез кел,-дейді. Жігіт тез келуге уәде беріп, теңіз жаққа бет алады. Сол кезде Баршынгүлдің атастырған болашақ күйеуі Бозтай болыс ерте ұрын келемін деп хабар жібереді. Мұны естіген Баршынгүл қиналады, бірақ ешкімге бұл кейпін көрсетпейді. Тек ана жүрегі ғана сезіп тұрады. Қызының мұндай халге түскенін көргенде ана жүрегі қарс айрылады. Амал қанша, әйел билігі ешқайда жарамай, қызын қорғай алмайды. Ол уақытта ел той тойлап, күйеу баланы қарсы алады. Келген күйеудің түрін көрген Баршынның құрбылары, ағайындары шошып кетеді. Сол күні отауда отырған Баршынгүл ару қыздармен демалып келейін дегенді сылтау қылдырып, сыртқа шығып кетеді. Қараңғыда бір топ қыздың ішінен бөлектеніп, айдалаға қашып кетеді. Құрбылары Баршынды таба алмай, елге айтады. Сол күннен бастап Баршынгүл ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Күйеу жақ бұндай қорлықты көрген соң бет қызарып, елдеріне кетеді. Баршынның жоғалғанын теңіз жақт жүрген ғашығы Жарбол да естиді. Ол осы жаман хабарды ести сала, өздері келісіп баратын болған жер Жақсыкөң Жаманкөңнің арасын бойлай жүріп, ақыры Құланөтпес жазығына келеді. Құланөтпес өзенінің жағасынан іздеп жүріп, көз алдында серейіп сұлап жатқан Баршынгүлдің жансыз денесін көреді... Бүгінде өмірмен ерте қоштасқан Баршынгүлдің қыз моласы әлі тұр.


